Келе жатқан 22 наурыз мейрамымен құттықтай отырып,  кейбір қазақтың ұлттық ойындары туралы ақпарат береміз.

Тымақ ату

Бұл ойын — Қазақтың ұлттық ойындары ның бірі. Ойынға кез келген адам қатыса алады. Жерге ойыншының бойынан аспайтын сырық қадалып, оның үстіне тымақ кигізіледі. Ойыншы тымақтың қай жерде тұрғанын көріп алғаннан кейін көзі байланады. Содан соң қолына қамшы алып, тымақты жерге түсіруі керек. Әр адамға үш мүмкіндіктен беріледі. Үшеуінде де тымақ жерге түспесе, ойыншы өнер көрсетіп, тағы үш мүмкіндік ала алады.

Алтыбақан

Бұл ойын– кәдімгі әткеншек. Жастардың көңіл-көтеріп, сауық-сайран құруы үшін таптырмайтын ойын. Алтыбақанды құру үшін 3-4 метрлік 7 томар ағаш пен 3 арқан керек. Алтыбақанға екі адам, әдетте, бозбала мен бойжеткен мініп, қалғандары ән айтып, қалжыңдап көңіл көтеріп тұрады. ÃÂ²ÃÂ°

Қыз қуу

Сақ дәуірінен келе жатқан дәстүр. Бозбала ұнатқан бойжеткеніне үйленбестен бұрын «Қыз қуу» ойыны ұйымдастырылған. Ойын ережесі бойынша, бойжеткен атқа мініп жігіттен қашуы керек. Бозбала қызды қуып жетіп, бетінен сүюі тиіс. Жігіт қызға жете алмаса, бойжеткен оны қамшымен сабайды.Аударыспақ

Бұл ойында жеңіске жету үшін ептілік, күш, тапқырлық, батылдық керек. Екі жігіт атқа мініп, бірін-бірі аттан аударып тастауға тырысады. Бұл ойынның жауынгерлік қасиеттерді қалыптастыруға көмегі көп болған.

Көкпар

 Ат үстіндегі жігіттердің топтасып алып, серкенің терісін алып қашып ойнайтын ойыны. Көкпар деген атау «көк бөрте» деген сөзден шыққан. Көкпар батылдық пен ерлікке тәрбиелейді. Бұл ойында ер жігіттермен бірге аттар да сыналады.
Арқан тартыс

Ойынға ұзындығы он метрдей кендір арқан керек. Арқанның қақ ортасы қызыл орамалмен байланады. Осы орамалдың екі жағынан 1,5-2 метрдей қашықтықта жерге тағы да белгі салынады. Екі топқа бөлінген жастар бойларына қарай арқанның екі шетінен ұстап тұрады. Төреші белгі берген сәтте екі топтың ойыншылары арқанды өздеріне қарай тартады. Арқанның ортасындағы қызыл орамалды жерге салынған белгіге бірінші боп сүйреп әкелген топ жеңімпаз болады.

«Қазақ этнографиясы» энциклопедиясында қазақ халқының ұлттық ойындары ойын-сауық, тұрмыс-салт, жануарлар дүниесіне, аңшылыққа байланысты, дене шынықтыру ойындары деп жіктелген. Ұлттық ойындардың негізгілерінің өзі жүзден асып жығылады. Оның барлығы түрлі мейрамдарда, тойларда, ойын-сауықта, жиындарда ойналатын болған. Ал Наурыз мейрамында қазақ халқы алтыбақан, арқан тартыс, тымақ ату, аударыспақ, көкпар, теңге ілу мен қыз қуудан басқа қандай ойындар ойнаған?

Шертпек, Түйілген шыт, Қаһарлы-Бану, Монданақ, Белбеу тастау, Қосқұлақ, Қындық-сандық деп аталатын т.б бірнеше ойындар қазақтың ұлттық ойындары болған.