Бүркіт әнші болуды бала күнінен армандаған. Ер жеткенде арман қуып Алматыға келген ол біраз қиындықты бастан өткергенін жасырмайды. Ешкім аспаннан бай болып салбырап түскен жоқ, дейді ол, деп жазады Stan.kz порталына сілтеме беріп izdeu.info

Әншінің айтуынша, 2000 жылы Тараздан Алматыға келгенде қалтасында небәрі 500 теңге болған.

«Астымда көлігім бар, әскерден келгенде дереу жұмысқа кірісіп кеткем. Шымкент пен Тараздың екі ортасында бензин тасып, ағаларыма көмектесіп , еңбегіммен тапқан көлігім еді. Содан қалтамда 500 теңге,  жатар жерім әпкем мен жездемнің үйі, жегенім осы кісілердің тамағы. Құдайға шүкір, аш жүрген жоқпын. Әрі-бері осы әнші боламын деп, кішкентайымнан армандаған мақсатыма жетудің амалдарын іздедім. Мұңайған сәттерім де болды. Ағам ұрысып , қайт үйге деп қоймады. Тыңдамадым! Содан 2002 жылдан бастап Жағалтаев деген продюсермен танысып, сонымен жұмыс істей бастадым. 2-3 жыл жатпай-тынбай, күні-түні студиядан шықпай еңбек еттім. Есімде сол сәттер. Бәрі бір тиын санап жүрдім. Бірақ арманыма қатты сендім. Айтқанымнан қайтпаймын деп, одан әрі қатты еңбектендім. Аллаға шүкір, демеуші болып көмектесіп, өмір бақи қарыздар болатын ешқандай көкем болған жоқ», – деп жазды Бүркіт Instagram желісінде.

Сонымен қатар ол осы күнгі жағдайы еңбегінің арқасы екенін атап өтті. Десе де оны ақшасын санап, күндейтіндер ашуландырады екен.

«Айтайын дегенім, ешкім аспаннан бай болып салбырап түскен жоқ. Біз де жүрдік студент болып, Тараздың базарынан бәліш жеп, біз де жүрдік сағаттап автобус күтіп. Біз де жүрдік гитарамыз бен домбырамызды аулаларда арқалап, ән айтып, арманға сеніп.

Кейбіреулер бар екен-ау осы басқалардың қалтасын санайтын. Соған қатты ыза болдым. Мен бұндайды көреалмаушылық деп білем. Ренжімесін! Бәрібір мен ондайларды көңіліме алмаймын. Дегенмен айта кетуді жөн көрдім. Аллаға шүкір, қазір отбасым, екі ұлым, бір қызым бар. Барлығы бірінші Алламның көмегімен, екінші ата-анамның берген білімі мен тәрбиесінің , үшінші бізді сүйіп тыңдайтын xалқымыздың арқасы», – дейді әнші.