Фитнестен қалмайтын 68 жастағы шымкенттік әжей шаһра басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтан тегін жаттығу орындарын ашып беруді сұрады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

68 жастағы шымкенттік тұрғын қала әкімінің есепті кездесуінде осылайша ерекше сұрағымен көпшілік назарын өзіне қаратты.

«Салауатты өмір салтын ұстанамын. Спорт залдарына үнемі барып, топтық жаттығулардан қалмаймын. Бассейнге тұрақты түрде барамын. Менің сізге қояр сауалым, біздің қалада тегін қызмет көрсететін сауықтыру орындары бар ма?», — деп сауалын қойды зейнеткер Шымкент әкіміне.

«Таңертеңгілік денробақта жүгіруге болады. Әрине, ақысыз. Одан өзге орталық стадион бар. Қазір біз көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында спорт алаңшаларын жаңартып, жаттығу құралдарын қойып жатырмыз. Тегін шұғылданатын спорт залдары жетерлік», -деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкент басшысының сөзін толықтырған қалалық спорт басқармасының басшысы шаһарда 848 спорт нысаны бар екенін, оның 31-і мемлекеттік мекеме екенін алға тартты. Яғни, бұл орындарға кез келген тұрғын келіп тегін спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар деді басқарма басшысы.

Бөлісу: