Семейлік ер жігіт отқа оранған үйден 15 адамды құтқарып қалды
yerlan_auelbekov Фото: izdeu.info

«Шығыс» әскери бөлімінің ефрейторы Қауандық Қанатов отқа оранған бес қабатты тұрғын үйден 15 адамды құтқарды деп жазады NUR.KZ.

Бұл ақпарат Ермек Дайырбаев Facebook парақшасында жариялады.

Оқиға ақпанның жетісінен сегізіне қараған түні болған.

Семей қаласының Селевин 15 мекенжайында бес қабатты жатақхана өртенді. Сол жатақхананың тұрғыны, 35411 әскери бөлімінің ефрейторы Қуандық Қанатов адамдарды қауіпсіз жерге шығаруда үлкен ерлік көрсеткен. Қызыл жалынның ортасына қаймықпай кірген батыл жігіт жатақхананың он бес шақты тұрғынын сыртқа шығарып үлгерген.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 79 адамды эвакуациялап, ғимараттағы отты сөндіруге кіріскен. Тағы 162 тұрғын далаға өз бетімен шыққан.

«Кім де болса осындай қадамға барады ғой. Өзімді сондай ерлік көрсеттім деп ойламаймын. Ер жігіт болып туған әркім де осындай қадам жасайды. Әскери күштерде қызмет еткенім көмектесті. Біз жаттығу кезінде ұрыс алаңынан жаралы әріптестерімізді құтқаруда талай мәрте жаттыққанбыз»,- деді Қуандық Қанатов.

Алайда әскери қызметкерге ризашылығын білдіргісі келген тұрғындар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшылығына батыл жігіттің ерлігі жайында айтып, оны марапаттауға өтініш жолдады.

Бөлісу: