2019 жылғы 16 ақпанда сағат 16:39-да Шымкенттегі төтенше жағдайлар департаменті жедел басқару орталығының 101 номеріне Абай ауданы Құрсай мөлтек ауданында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Өрт сөндіру қызметінің №1 мамандандырылған жасақтың 14 адам жеке құрамы оқиға орнына келіп, Жаңақұрылыс көшесі бойындағы уақытша салынған үйдегі өртті сөндіруге кірісті. Жанған жер көлемі 60 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 18:30-да сөндірілді. Үйде үлкендердің қарауынсыз 3 бала қалған еді.   Өрт сөндірушілер мәліметінше, үйдің үлкен қызы түтінді көріп қорыққандықтан көршілеріне көмек сұрап жүгіріп барған. Сол сәтте олардың көршісі 2005 жылы туған жасөспірім анасына айтып, өрт сөндірушілерді шақыртқан. Ал баланың өзі ойланбастан, екі кішкене бөбек қалған үйге қарай жүгіріпті. Жасөсіпірім түтінге толы үйден 2013 жылғы қыз бала мен 2015 жылғы ер баланы уақытысында шығарып алды. Ал артынша үй толықтай отқа оранған. Сөйтіп, жасөспірім ержүректігі мен батылдығы арқасында екі бүлдіршіннің өмірін құтқарып қалды. Қазір балалардың жағдайы жақсы, тек өрттен қорқып қалған. Олардың ата-анасы өрт кезінде үйде болмаған. Мамандар өрттің себебін анықтауда.

Источник:24.kz