Алматыда қала орталығында ауыр жол апатын жасаған Ілияс Карға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта айыпталушы апат орнынан не үшін кетіп қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Тengrinews.kzпорталына сілтеме жасап Stan.kz.

Ер адамның сөзінше, сол күні ол мейрамханада және караоке-барда болған. Алайда ішімдік ішпепті. Сонымен қатар ол караокеден шыққаннан кейін әйелімен ұрысып қалғанын, сондықтан көлікке отырып, кетіп қалғанын айтты.

Жолда келе жатқан Кар бағдаршамның жасыл белгісіне өтіп кетпек болған. Алайда қиылысқа автобус шыққандықтан, айналып өтпек болыпты. Осы кезде қоғамдық көліктің арғы жағынан Mitsubishi шыға келіп, соғылады.

Өз сөзінде Ілияс Кар зардап шеккендерге көмек көрсету үшін көліктен шыққанын айтты. Алайда апат куәгерлері жол апатына себеп болған жүргізушіні іздей бастаған.

«Ол адамдар менің көлікті тізгіндегенімді білген жоқ. Артынша олар: «Жүргізуші қайда?» – деп айқайлап, менің көлігім жаққа жүгіре жөнелді. Бейәдеп сөздер айтып жатты. Сол жерде-ақ сотсыз жазалауы мүмкін екенін түсіндім», – дейді Ілияс Кар.

Сол кезде ол көлігін тастап оқиға орнынан кетіп қалуды ұйғарып, тұрғын үйлердің ауласында жасырыныпты.

Бұған дейін сот отырысында Кардың жұбайы оның апат кезінде мас болмағанын айтқан еді.

Еске сала кетсек, 29 желтоқсанда Алматыдағы Сейфуллин және Абай даңғылдарының қиылысында жол апаты орын алып, салдарынан 3 адам мерт болған еді. Олардың ішінде актриса Шолпан Елгезекова да бар. Дәл осы көлікте отырған актриса Айзада Сатыбалдиева ғана аман қалып, ауыр жарақатпен аурухананың жансақтау бөліміне түскен еді. Ол ақпан айының басында ауруханадан шығарылды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Источник: Stan.kz

Бөлісу: