Бір күннің ішінде үш баласынан айырылып қалған анаға қазақстандықтардың көмегі мен қолдауы қажет. Осыдан 3 жыл бұрын оның екі қызы мен ұлы тілсіз жаудан қаза тапқан. Бүгінгі күні Баян Реева есімді Астана тұрғыны күйеуімен, екі баласымен от жағатын пеші бар үйді жалдап тұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

14 жыл бұрын Астанаға күйеуіммен бірге арман қуып келген Баян Реева бір сағаттың ішінде Құдай берген үш баласынан айырылып қалатынын ойламаған. Ерлі зайыптының көкейінде “тезірек аяққа тұрып, бала-шағаның қызығушылығын көрсек екен” деген арман болған. Өкінішке орай, жақын арада орындалуы тиіс арман 2016 жылдың күрең күзінде сағымға айналып кетті. 22 қазан күні Баян Реева жұмыста болғанда үйде қалған 2007 және 2009 жылғы екі қыз бала, 2008 жылғы ұл бала тілсіз жаудан қаза болды.

“Лесозавод ауданындағы “Ақыл” деген кафеге ыдыс жуушы болып жұмысқа кірдім. Бүгінгі күнге дейін он екі жылдың көлемінде сол жерден нанымды тауып жүрдім. Кафеде еңбектеніп, бәрін үйреніп алып, аспаз да болып істедім. Сол кезде маған әкем: “Астанадан не таптың? Босқа жүрсің. Ауылға қайт”, — деп айтатын. Ал мен болсам бас қалаға келіп, үш байлыққа қол жеткізгенімді алға тартатынмын. Байлығымнан қапияда айырылып қалдым.

Балаларымды үйде жалғыз қалдырмай, үнемі өзіммен бірге жұмысқа алып келетінмін. Сол қайғылы оқиғадан бір апта бұрын күйеуім қайтыс болған ағасының жетісін өткізу үшін ауылға кеткен еді. Онымен байланысқа шыққанымда маған жиырма екісі күні, күндізгі он екіде қалаға келетінін айтты. Балаларды жұмысқа алып бармай, үйде қалдырып кетуімді сұрады.

Сол күні жұмысқа да ерте шықпай, он жарымға дейін үшеуінің жанында отырдым. Үйден шығып жұмысқа келгенім сол еді, он бес минуттың ішінде күйеуім хабарласып, пәтерден өрт шыққанын айтты. Тілсіз жаудың шыққанын күйеуіме көрші бала жеткізіпті.

Үйге келсек, көршілер есікті бұзып, ішке кіруге талыпынып жатыр екен. Мен есікті сыртынан құлттап кеткенмін. Өзім де және күйеуім де үйдің кілті бар еді. Бірақ көршілер құлыпқа темірді тығып, есікті ашу үшін оны бұрай берген. Нәтижесінде, құлып кілтпен де ашылмайтындай дәрежеге жеткен. Сосын бір адам бесінші қабатқа көтеріліп, терезелерді сындырды. Балаларды сыртқа алып шықтық, бірақ оларды құтқарып үлгермедік. Бір сағаттың ішінде үшеуінен айырылып қалдық”, — дейді ана.

Баян Рееваның сол кезде құрсағында екі айлық баласы болған екен. Бір сағаттың ішінде өмірінің астан-кестені шығып кеткен ана әлі өмірге келмеген сәбиінің арқасында аман қалғанын жасырмайды. Рееваның сөзінше, қайғыдан қан жұтқан жанұяға сол кезде мемлекет тарапынан көмек көрсетілмеген.

“Егер сол кезде жолдасымның жұмысы, жалақысы жақсы болғанда, мен жұмыс істемей балаларымның жанында, үйде отыратын едім. Үшеуінің өмірі үзіліп кетпейтін еді. Күйеуімнің тапқан табысы алпыс мың теңгені құрайтын, жұмысынан күн сайын екі мың теңге алатын.

Үшеуінен айырылып, адам төзгізсіз қиын жағдайға тап болдым. Төртінші балама екіқабат болып, дәрігердің қаралуына барғанда міндетті түрде психологқа кіретінмін.

Мемлекет маған көмек көрсетуі үшін менің де бес балам қайтыс болуы керек пе? Егер кезінде осы жағдай елеусіз қалмағанда, бес баланың жағдайы қайталанбас еді деп ойлаймын. Бес қызды естіп, он күн бойы есімді жия алмай жаттым. Үш балам қайта-қайта көз алдыма елестей берді. Марқұм кішкентай Кәусәр есімді қызым өте ақылды болатын. Біз пәтерден пәтерге көшіп жүргенде: “Мама, біздің үйіміз осы ма? Біздің үйіміз қашан болады?” деп сұрайды. Осы сұрақты өсіп, жетіліп келе жатқан екі балам қоймаса екен деймін. Алла маған екі жылдың ішінде бір ұл, бір қыз берді. Шүкір, тәубә деймін. Екі баламның жанында үйде отырмын. Жұмыс істесем, сол жағдай қайтадан қайталанады ма деп қорқамын.

Біз үш жыл бұрын үй жалдап тұрғанбыз. Жағдайымыз әлі өзгерген жоқ. Әлі де отпен жылынатын үйде тұрамыз. Қақаған аяздың өзінде көмірді үнемдеп, он екі сағатта бір рет жағамыз. Күйеуім түнімен жұмыс істейді, үйге келіп бір-екі сағат ұйықтап алады да, қайтадан таксист болып ақша табуға кетеді”, — дейді ол.

Баян Реева жолдасымен бірге мемлекеттен пәтер алуды армандайды. Баладан айырылған жанұяға қандай көмектің көрсетілетінін білгісі келеді.  Сонымен қатар, ол үйіне екі тонна көмір түсіріп бере алатын адамдардың көмегіне мұқтаж. Ашынған ананың ауырып қалған баласына дәрі алып беруге ақшасы жоқ. Баласы ауырған сайын, ананың көз алдына қайтыс болған екі қызы мен үш баласы елестеп кетеді екен. Баян Рееваға көмек көрсету үшін 8 775 648 40 66 нөміріне хабарласа аласыздар.

 

Источник: Stan.kz

Бөлісу: