Шымкентте екі адамды өлтірді деп күдіктелген ер адам тұтқындалды. Қаланың 27 жастағы тұрғыны ерлі-зайыптыны 2 миллион теңге үшін қатыгездікпен өлтірген. Ол бұрын марқұмдардың жүргізушісі болған екен, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Сот отырысында айыпталушы қобалжулы болды. Ол өзіне тағылған айыптауларды естігеннен кейін кешірім сұрап, өкінетінін жеткізді.

«Кешірім сұраймын. Жасаған ісім үшін өкінемін және кінәмді мойындаймын», – дейді ол.

Ер адам өзінің бұрынғы жұмыс берушілерін қатыгездікпен өлтірген. Ол шамамен 1 жыл жүргізуші болып жұмыс істеген үйге түнде ұрланып кіріпті. Алдымен теледидар көріп отырған 64 жастағы отағасын атып өлтірген. Артынша шудан оянып кеткен жұбайын 12 жерінен пышақтап тастапты. Марқұмдар кәсіпкерлер болған.

«Бірнеше нұсқа жасалды. Нұсқалардың бірі – күдіктелген бұрынғы жүргізуші. Тексергеннен кейін, күдігіміз расталды. Тергеу барысында спорттық аяқ киімнен бастап, шолақ мылтық, 2 млн 300 мың теңге салынған сөмке мен зергерлік бұйымдарға дейін заттай айғақтар тәркіленді. Мылтықты құдыққа лақтырып жіберген», – дейді прокурор Мақсат Қожабаев.

27 жастағы ер адам жасаған қылмысынан кейін үйіне кеткен. Сол жерде 10 күн болыпты.

Ендігі оған «Қарақшылық», «Қаруды заңсыз иелену, беру және ұстау», «Пайдакүнемдік ниетте екі немесе одан да көп кісі өлтіру» баптары бойынша айыпталып отыр. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілетін алдағы екі ай көлемінде айыпталушы тергеу изоляторында болады. Басқа қылмыстарын қоспағанда, екі адамды өлтіргені үшін ғана 15 жылға сотталуы мүмкін.