Балқаш қаласында өртеніп жатқан пәтерден қараусыз қалған екі бүлдіршінді бейтаныс адам екінші қабаттың терезесін сындырып кіріп, далаға алып шыққан деп хабарлайды КТК арнасы.

Арсен Түсіпбеков өртке орынған көпқабатты үйде тұратын анасына келген.

Өртеніп жатқан пәтердің есігі ішінен жабық болғандықтан, ол үйге терезеден кірген.

Қара түтіннің арасынан тұншығып жатқан төрт және бес жастағы екі балақайды әрең тауып, далаға алып шығыпты.

Болжам бойынша, әке-шешесі жұмысқа кетіп, үйде қараусыз қалған екі бала отпен ойнаған. Ұшқын көрпе жастыққа тиіп, бықсыған қара түтін сыртқы кіре беріске дейін жайылған.

«Екі бала жылап, шаршағанға ұқсайды. Әлдері таусылыпты. Үсті-бастары малмандай су, терлеген болса керек ыстықтан. Далаға шыға салып лоқсып құсып, естерін әрең жинады», — дейді Әрсен Түсіпбеков.