470 миллион адам. Жер бетінде осынша жанның есту қабілеті нашарлаған. Бірақ ол туа біткен сырқат емес, күнделікті киіп жүрген құлаққаптың салдары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, жиырма жылдан кейін әр алтыншы адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін. Сорақысы оның емі әлі табылмаған. Одан бөлек депрессия, түрлі жүйке ауруларын қоздыратын да, тіпті жол апаттарының көбейіп кетуіне де дәл осы себеп дейді мамандар. Қаупін аңғарса керек, дамыған Еуропа мен Азия елдерінің бірқатары құлаққап дегеннен үзілді-кесілді бас тартқан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаға ұстатарлық зерттеу нәтижесімен бөлісті. Олар 2050 жылға дейін әр алтыншы азамат саңырау болып қалуы мүмкін деген болжам айтуда. Тек бүгінгі күннің өзінде 470 миллионға жуық адам керең. Сорақысы бұл дерт жыл сайын жасаруда екен. Отоларингологтар әсіресе бесіктен белі шықпағандардың да есту қабілеті бұзылып бара жатқанына алаңдаулы. Себебі, оның емі әлі табылмапты, деп хабарлайды “Еуразия бірінші арнасы“.

«Ондай науқастарды емдеу қазіргі таңда, қазіргі заманда өте қиын. Егер де ішкі құлақ зақымдалса, оның емі әлі табылған жоқ. Ал осы құлаққап киіп, кереңдіктің түрі құлаққаптың кесірінен пайда болса, ол ішкі құлақты зақымдайды. Сол үшін осылай насихаттау, жастарға түсіндіру өте маңызды. Себебі ол оңай жазылып кететін немесе 100 пайыз сауығып кететін ауру емес», – дейді отоларинголог Диана Ермековна.

Мәселен Батыс Еуропа елдерінде қоғамдық орындарда құлаққаппен ән тыңдап жүру мәдениеттен жұрдай екенінді көрсетеді. Әуелі өзіңді, кейін қоршаған адамдарды сыйламаудың белгісі ретінде саналады.
Құлаққаптың кесірінен кеселге душар болып, саңырау болып қала жаздағандардың бірі елордалық студент Аида. Ол есту қабілетінің нашарлағанын бірден аңғармаған. Тек айналадағы адамдардың айтқан бірнеше ескертуінен кейін бір-ақ байқапты. Абырой болғанда, дәрігерге уақытылы көрінген.

«Мен құлаққапты 5 жылдан бері тақтым. Және ұзақ уақыт таққаным үшін менің құлағым жақсы естімей қалды. Сондықтан мен дәрігерге қаралып емделдім бір жылдай. Бір жылдан соң менің құлағым жақсы ести бастады. Сосын мен құлаққап тақпаймын деген шешімге келді», – дейді студент Аида Үсенбай.

Бұл ретте психологтар құлаққап таққаннан басқа бір проблеманың менмұндалап тұрғанын байқауға болады, дейді. Яғни, бұл ешкімді тыңдап, тіпті естігіңіз келмейтінін, яғни керең болуды өзіңіз қалап тұрғаныңызды көрсететінін аңғартады екен. Ал мұндай адамдар кейін, депрессияға ұшырап кетуі де бек мүмкін.

«Адам бір психоэмоционалдық күйді кешіп жүрген кезде, ол өзінің жанына ем болатындай, сол күйден шығуға көмектесетіндей, бір әнді 50-100 рет тыңдай беруі мүмкін. Және де үнемі өзінің әлемінде өзінің мәселелерін өзім ғана шешемін деп оқшауланған адам депрессиялық күйден шығу үшін ән тыңдау, үнемі музыка тыңдау көмектесе алады деп айту қиын», – дейді психолог Ғибрат Сағындықова.

Бұл ретте, құлаққап шыққаннан кейін, жол апаттарының да жиілеп кеткенін айтпай кетуге болмас. Бақыртып қойылған әуен айналада болып жатқан жайттан мүлдем алыстатты. Тіпті, жұрттар көлік тұрмақ, поездың да шырылдаған дауысын естімегей, мертігіп қалған оқиғалар жиі кездеседі. Құлаққаптың қауіпін аңғарса керек, Жапония сынды бірнеше ел құлаққаптан мүлдем бас тартқан.

Осылайша, жиырма жылдан кейін жұмысқа қабілетті жастар, яғни 12 мен 35 жас аралығындағы азаматтар есту қабілетін жоғалтуы мүмкін. Ал оны емдететін сиқырлы дәрі, ғажайып тамшы әлі ойлап табылған жоқ. Сондықтан да құлақпатан бас тарту әркімнің өз шешімі, дейді мамандар.