Туғалы қос жанары көрмейтін Нұрдана Арғынұлы Қытайда туған. Бүгінде Қазақстанда тұрып жатқан қандасымыз бірнеше аспапта ойнайды. Өзі талантымен талайды тамсандырып жүр. Қызылды-жасылды әлемді көрмесе де, өнерге құштар азамат бүгінде той-томалақта да ән салады. Өзі Төреғали, Мейрамбек, Сәкен ағаларымен кездесуді армандайды. Нұрдана Арғынұлы туралы Sputnik Қазақстан тілшісі баяндады.

19 жастағы Нұрдана қазір Алматы облысының Текелі қаласында тұрады. Ата-анасының тұла бойы тұңғышы, артынан ерген екі қарындасы мен бір інісі бар. Елге оралғанына тура бір жыл болған.

Нұрдана қазақ еліне келуді көптен армандағанын айтады. Бүгінде сол арманына жеткені үшін өзі бақытты жандардың қатарына қосады. Бала кезінен ата-әжесінің қолында өскен Нұрдана Қытайда қалған жақындарын қатты сағынып жүр.

Нұрдана бала болып ойыншық ойнамағанын айтады. Бала кезінен дыбысы бар нәрселерге қызығып өскен.
“Кейіннен мұның бәрі өнерге деген әуестігім екенін түсіндім”, – дейді балалық шағын еске алған жас жігіт.
Туғалы қос жанары көрмесе де, Нұрдана домбыра, гитара, синтезатор, қобыз, аккордеон, сырнай сынды музыкалық аспаптың бірнеше түрінде ойнайды. Өзі әнші, домбырашы, сазгер. Бір қызығы, Нұрдана ешкімнен сабақ алмастан, аспаптарда ойнауды өздігінен үйренген.

Нұрдана бала күнінен Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Тоқтар Серіков, “Музарт” тобы мен Қайрат Нұртастың әндерін тыңдап өскен. Бүгінде оның ең сүйікті әншісі – Төреғали Төреәлі. Ол мүмкіндік болса Төреғалимен бір кездессем, сондай-ақ, Мейрамбек, Сәкен ағаларыммен тілдессем деп армандайды.