Қазалы ауданындағы “Әлсейіт” көпірі биыл халық игілігіне берілуі тиіс. Күн жылыса болды өркениеттен қол үзіп қалатын елді-мекен тұрғындары нысан салына бастағанда қуаныштан төбелері көкке жеткенін айтады. Алайда, екі жылдың жүзі өтсе де көптен күткен көпір құрылысы әлі күнге дейін тұралап тұр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

Құрылыс барысында жұмысшылар тұрғызған тіреуден ақау табылыпты. Бар гәп осында дейді, ауыл жұрты.

«Мына көпір салынып жатыр еді, оны тағы да алып тастап, қайтадан қаралып, қайтадан қаржы бөлініп, қайтадан салмақшымыз дейді. Әлі жұмыстарын бастамапты. Бірақ, өткен жолғы қаржылары желге ұшып кетті-ау деп біз реніш білідіріп жатырмыз. Мұндай сапасыз кеткен көпір қаржысына ешкімнің басы айналмай отыр ма деген мәселе бізде», – дейді Қазалы ауданының тұрғыны Ұлия Жұбаныш.

Ал, көпір құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компания өкілі нысанның салыну кестесінен кешіккенін мойындап отыр. Оның айтуынша, қызу жұмыс енді басталады-мыс. Өйткені, қажетті құрылыс материалдары кешігіп жатқан көрінеді.

“Осы қарашада  судың деңгейі көтерілген. Сол көтерілгесін астын нығайтып, қазір жасап жатырмыз. Топырағын көтеріп, қазір материалын күтіп отырмыз», – дейді мердігер компанияның өкілі Сәкен Ақын.

Ал, жергілікті шенділер Дария тасыған күннің өзінде кестеден бір күнде кешікпей нысанды халық игілігіне ұсынамыз деп құлшынып отыр. Ал, жоба бойынша, көпір биыл маусым айында қолданысқа берілуі тиіс екен.

«Жобаны жасаған кезде барлығы зерттелген, жер асты сулары да барлығы. Дегенімен қыс айында су жоғарылау болғаннан кейін сондай әсерін беріп отыр, салынып қойып, «опалкалары» кетіп қалып тұр. Күндіз-түні екі ауысым жұмыстар жүріп жатыр. Ол ешқандай мерзімнің кешіктіруне алып келмеу керек», – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов.

Халық арасында сақалды нысан аталып кеткен көпірдің пайдалануға берілуіне 4 айдан сәл астам уақыт қалды. Ал, көктемді үреймен күтетін ауыл жұрты тықыр таянғанда құрылысшылар жұмыстарын ат үсті жасап, кейін өзіміз зардап шегеміз бе деген күдікпен күн кешуде.

Бөлісу: