Үкіметтің отставкаға кетуіне байланысты өз орнын босатқан Сағынтаев премьер-министрдің қызметін атқарған кезінде жұмысы үшін Елбасыдан бастап политологтарға дейін сыналған еді. Бұрынғы премьер-министрдің айтқан сөзіне қызметкерлері де зер салмайтынын бірнеше рет тілшілер де айтқан. Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап, Stan.kz хабарлайды.

Сағынтаев екі жарым жылдай Үкіметті басқарды. 2016 жылы Кәрімовтың орнына келген ол теңге бағамының тұрақсыздығынан өскен азық-түліктің бағасына, көмір мен бензиннің жоқтығына тап болды. Сонымен қатар, Сағынтаевтың кезінде банктер бірінен кейін бірі жабыла бастады. Бірақ соңғы жарты жыл премьер-министр үшін өте қиынға соқты.

Политологтар Бақытжан Сағынтаевтың белгіленген тапсырмаларды істей алмайтынын айтты. Елбасының өзі оның нашар жұмыс істейтінін меңзеген еді.

Назарбаевтың сынына ұшыраған ол Үкіметтің жұмысын ретке келтіруге тырысты. Өз қызметкерлеріне айқайлап, оларға тапсырмаларды бөліп беріп, нәтиже талап етті. Бірақ оның тапсырмаларына қызметкерлері мән бермейтін. Бұл жайтқа тілшілер бірнеше рет куә болған.