Олар құйтырқы әрекеттерге итермелейтін, тіпті үлкендерге өтірік айтуды үйрететін түрлі видеолар жариялап әлек. Сорақысы, ақылсымақтардың кеңесін тыңдап, дегенін орындауға әзір тұратын қара домалақтың қарасы көп қазір. Неге? Бала тәрбиесінде нені назарға алған дұрыс? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бүгінде ғаламторды ашып қалсаңыз болды оқушыларға түрлі кеңес беретін видеоблогтардан көз сүрінеді. Біреуі сабақтан қалмаудың әдіс-тәсілдерін үйретсе, өзгесі ата-ананы қалай алдау керектігі жайлы түрлі бейнероликтер жариялаған. Ең сорақысы, мұнда денсаулыққа аса зиян келтіретін медициналық препараттар да жетіп артылады.

«Мектепке бармаудың келесі амалы мынадай. Ол үшін тек йод керек. Оның бір тамшысын нанға тамызамыз. Содан кейін оны жеп қою керек. Бұл әдіс-тәсілден кейін сіздің температураңыз 37 градусқа дейін көтеріледі»

Иә, әлеуметтік желіні қоссаң болды, көкейінде жүрген кез-келген сұрағыңа жауабы дайын тұратын вайнерлер жетеді. Бірақ олар не үйретеді? Тек миы толық қалыптаспаған жеткіншектің жүйкесін күйретеді,- дейді мамандар. Бірақ сұраныс көп. Одан қалды бұл жұмыс жас та талғамайды. Содан болса керек, еріккенін бәрі вайнер болып кеткен. Десе де, олар айналып келіп шетелдікіне еліктейтіні бар емес пе. Оны өздері де жасырмайды.

«Көрермен өзі таңдайды. Неге вайнерлерде оқырман көп? Контент сондай. Қазіргі біздің халыққа керегі сол. Күлкілі видеолар көру. Мәселен Ресейдің вайнерлеріне біздікілер еліктейді. Солардың жасаған нәрсесін қазақшаға аудара салады. Негізі біздің менталитет бөлек, олардың менталитеті бөлек», – дейді актер-вайнер Елдос Қадірханов.

Осылайша оқушыларды түрлі құйтырқы әрекеттерге иттермелейтін видеолардың тым көбейіп кеткеніне психологтар да алаңдаулы. Мамандардың пікірінше, бала кезінен өтірік айтуға итермелейтін видеолардың әлі қалыптаспаған жеткіншектің миын әбден улауы мүмкін.

«Күнде біз айтамыз психологияда балаға ата-анасының 20 минут көңіл бөлгені жеттеді деп, бірақта ол 20 минут сапалы болуы керек Бламен сол уақытта отырып жеке сөйлесіп кішкентай бала ретінде емес, түсінетін үлкендердін сөзімен сөйлесу керек. Бала өйткені түсіну керек, оның әке-шешесі үлкен тұлға ретінде қабылдайтынын білу керек», – дейді психолог Гүлнұр Асанова.

Өкініштісі сол, бүгін балалардың бәрі құдды бір ғаламтордың инесінде отырғандай. Бәрінің қолында бір-бір смартфон. Тіпті, гаджетсіз күнін мүлдем елестете алматындай күйге жеткен. Қарайтыны сол баяғы вайндар, тыңдайтыны ақыл айтқыш вайнерлер.

«Мен ютуб қарағанды жақсы көремін. Мен көптеген вайнерлерді көремін. Кейбір кездері достарым да сұрап жатады. Қандай қызықты ойындар бар деп сұрайды. Мен оларға өз ойымды айтып беремін. Тағы да олар менен қызықты вайндарды сұрайды. Мен оларға айтып беремін», – дейді мектеп оқушысы Нұрасыл.

«Мен таңертең қан тапсырдым, сондықтанда 1-сабаққа келе алмадым».

Алайда ата-анасын алдау бір басқа, бала тәрбиесін бес саусағындай білетін мұғалімге өтірік айту мүлдем бөлек. Оқушының шын-өтірігін ұстаздар бір көзінен-ақ танып қояды. Бірақ оның өзі соңғы уақытта қиынға соғатын көрінеді. Өйткені…

«Бір ауырды шыныменде жібердім. Екінші рет ауырғаннан кейін байқайсыз баланы. Сен өткен жолы да ауырып едің ғой?Бірден ата-анасына звондаймын. Өйткені балаға бір рет ескерткеннен кейін ол тағы қайталанып тұр. Атасына звондаймын деген кезде бала ойлана береді. Ақпараттық технология барлығы еңбектен гөрі қазіргі кезде интернет желісімен тәрбиеленіп жатыр. Яғни мен ата-аналар жиналысында да айтам, баланы тәрбиелеп жатқан қазір ата-ана емес, баланы тәрбиелеп жатқан интернет-ресурс», – дейді №42 орта мектебі директорының орынбасары Ырысжан Шаммұратова.

Қалай десек те, желіде ақыл айтқыш вайнердердің жұмысы қыза беретін тәрізді. Өйткені сұраныс бар жерде, ұсыныстың болуы заңды құбылыс. Ал блогерлердің видеоларын сүзгіден өткізіп, шектеу қоюға әзірге құзыр жоқ,- дейді мамандар. Сондықтан әр ата-ана баласына өзі жауапты болу керек. Мәселен, дәл қазір балаңыз смартфонында не қарап отыр? Өзіңіз бақылап көріңізші?!

Бөлісу: