Бүгін елімізде жаңа премьер-министр сайланды. Ол қызметке Асқар Ұзақбайұлы Мамин тағайындалды. Қазақстандықтар жаңа премьер-министр жайлы не біледі. Бұған дейін ол қандай қызметтер атқарды? Бұл жайлы Stan.kz ұсынған өмірбаяннан біле аласыздар.

Еліміздің жаңа премьер-министрі Асқар Мамин 1965 жылы 23 қазанда Целиноградта дүниеге келген. Әкесінің аты – Ұзақбай. Балалық шағында хоккеймен айналысып, жаттыққан. Мектеп бітіргеннен кейін туған өлкесіндегі инженерлік-құрылыс институтына инженер-құрылысшы мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1987 жылы тәмамдайды. Содан кейін Ресейдегі Плеханов атындағы экономика академиясында экономист мамандығы бойынша оқып, 2003 жылы бітіріп шығады. Бүгінде ол техника ғылымдарының кандиаты, ҚР премьер-министрі.

Ол масабын «Целинтяжстрой» трестінде монтаждаушы ретінде бастап, кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітіріп шыққан жас маман кейін Қазақстанның инновациялық кәсіпорындар одағында және бірлескен қазақстан-герман кәсіпорнында бас директордың орынбасары міндеттерін атқарды.

1996-2000 жылдар аралығында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, содан кейін екі жыл Ақмола арнайы экономикалық аймағының әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, 2000-2004 жылдары Қазақстанның көлік және коммуникация, сондай-ақ ҚР индустрия және сауда министрліктерінің бірінде вице-министр, бірінші вице-министр ретінде қызмет етті.

2005 жылдың 25 тамызынан бастап еліміздің көлік және коммуникация министрі міндетін атқарды. Ал 2006 жылы 21 қыркүйекте Президент жарлығымен Астана қаласының әкімі болып сайланды.

Осылайша, ол екі жыл қатарынан Астана басшысы ретінде қызмет етеді. Сосын 2008 жылдың сәуір айынан бастап «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның президенті болып тағайындалды.

Сондай-ақ, сол жылдың соңына таман, яғни 2008 жылдың 30 қазанында Асқар Ұзақбайұлы ҚР Хоккей федерациясының басшысы болу туралы ұсынысты қабылдап және 2012 жылы 6 қыркүйекте ол осы лауазымға қайта сайланды.

Елбасының жанында осынша уақыт жұмыс істеп келген Асқар Мамин 2016 жылы күзде ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалады. Алайда, өткен аптада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті таратып, Бақытжан Сағынтаевты отставкаға жібергеннен кейін Асқар Ұзақбайұлы 2019 жылдың 21 ақпаны мен 25 ақпаны аралығында ҚР премьер-министрінің міндетін атқарды.

Ал бүгін, 2019 жылдың 25 ақпанында ширек ғасырға жуық Назарбаевпен бірге жұмыс істеп келген Асқар Мамин еліміздің премьер-министрі болып сайлады.

Елбасының жарлығымен елімізді жаңа прембер-министрі болып тағайындалған Мамин бірнеше партияның мүшесі болды, соның ішінде «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі болып және «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалында төрағалық етті.

Жаңа премьер-министрдің елге сіңірген еңбегі де көп. Және ол Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін түрлі марапаттар алды. Ол 1998 жылы ҚР «Ерен еңбегі үшін», 2006 жылы «Құрмет», 2008 жылы «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалімен, 2010 жылы Ресей Федерациясының «Қасиетті князь Даниил Московский» орденімен, 2011 жылы екінші дәрежелі «Барыс» орденімен, «Астана қаласының құрметті азаматы», құрметті теміржолшы, 2013 жылы Франция мемлекетінің «Құрметті Легион» орденінің кавалері, сондай-ақ Латвия Республикасының «Міндет Крестінің» гранд-офицері, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, 2014 жылы Испан корольдігінің «Азаматтық еңбегі үшін» орденінің үлкен кресті, 2017 жылы Өсбекстанның «Дустулик» ордендерімен марапатталды.

Бөлісу: