Теледидарды қоса қалсаң, әйел образын сомдауға ынтық жігіттерден көзің сүрінеді, дейді Досхан Жолжақсынов. Халық әртісінің айтуынша, елден ерекшелену үшін кемпір мен келіншектің образына енгендер саф өнерді ластауда. Бұл ретте тәжірибелі актер ашуына тигендерді жазалаудың жолдарын да ұсынды.

Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kzхабарлайды.

“Еркек – әйел болады. Ойбай, мынау деп… Добалдай бір азамат, тепсе темір үзетін. Оған тракторда не болмаса экскаваторда отыру керек. Көмір қаздыру керек. Ал ол әйелдің киімін киіп, сахнаға шығады ұялмай. Олар мұны өнер деп ойлайтын болу керек. Бұл – өнер емес!” – дейді Досхан Жолжақсынов.

“Ер адам әйел адамның образын сомдағыш болып кетті деп сынайды ғой. Бұл жерде «өнер» деген сөз бар”, – дейді Шмән әженің образымен танылған Ерболат Төлеген.

Аға буынның бұл пікіріне соңынар ерген інілері бас шұлғымай отыр. Жолжақсыновтың жоғарыдағы ойына қарсылық білдіргендердің бірі – Шімән апаны сомдаған актер. «Әзіл әлемінде» әйел образы арқылы танылған Ерболат Төлегеннің, өзін сөз қылғандарға айтар жалғыз ғана жауабы бар.

“Соны баяғыда айтатын болса, Құдайберген Сұлтанбаевқа неге айтпады? Қазір Күлпаш пен Шімән шығып еді, бәрі соған сөйлеп, бәрі білгіш, бәрі айтқыш болып кетті”, – дейді Ерболат.

“Олар Тұңғышбай ағаң да, Құдайберген ағаң да, Лидия тәтең де, соның ішінде біраз актерларымыз бар. Барлығы ізденді. Ол іздеу жолы болатын”, – дейді Досхан Жолжақсынов.

Сәбина келіннің өмірін көпшілікке киноэкран арқылы танытқан Нұртас Адамбай да, нәзік жандыларды сомдауға құштар. Әзілкеш соңғы уақытта сынды да, мінді де жиі естіп жүр. Бірақ, дегенінен қайтпақ емес.

“Ғаламторда түрлі пікірлерді оқимын. Біреулер: «Ой, әйелдің киімін киіп алыпты. Ұят емес пе?», – деген сияқты жазба қалдырады. Әзілге жақын адамдар, менің кейіпкерімді түсінеді. Бұл менің образым. Ал ұнамаса, қарамасын!” – дейді Нұртас Адамбай.

Адамбайдың әріптесі Айдарқұлов, кезекті картиналардың бірінде келіншектің кейпіне енген. Әйел образын ойнау барысында өзін жайсыз сезінген Даурен, бұдан былай мұндай рөлді сомдамауға серт берді.

“Бәскелес болғым келмейді, ондай ойым да жоқ. Болашақта мүмкіндігімше сол, әйелдің образын ойнамауға тырысамын”, – дейді Дәурен.

Бөлісу: