Сапарбаев: Көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы өседі

28 ақпанда Астанада Қазақстан еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көп балалы отбасыларға қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.

Министрдің сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек 14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін өседі. Бұл көмек отбасының табысына қарай есептеледі.

«Қаулыларды өзгертіп, парламентке өткіземіз. 1 шілдеден бастап төлене бастайды. Күнкөріс деңгейін 20789 теңгеге көтердік. Егер көп балалы отбасының жан басына шаққандағы табысы 20789 теңгеден төмен болса, әр балаға 20789 теңге төленеді. Отбасының табысын есептегенде мүгедектігі үшін алатын жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» үшін төленетін ақша, стипендия есепке алынбайды. Олар бұған дейін есепке алынып келген» деді министр.

Сапарбаевтың айтуынша, алда әр отбасының әлеуметтік картасы жасалады. Сол карта арқылы жанұяның табысы анықталып, қанша жәрдемақы төленетіні белгіленеді.

Министр мүгедек баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы 31 мың теңгеден 41 мың теңгеге өсетінін айтты.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

6 ақпанда Астанада жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған.

21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметтін «халықтың жағдайын жақсарта алмады» деп, отставкаға жіберген. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалған. Бұрын Ақтөбе облысын басқарған Бердібек Сапарбаев еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған.

227 ақпанда «Нұр отан» партиясының съезінде Қазақстан президенті Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін айтқан.

Бөлісу: