Астаналық келіншек күйеуін дүкенге жұмсағаны үшін, қалай үйден қуылғанын баяндап берді. Айтуынша, енесі жалғыз ұлына шаң жуытпай жүріп, оның шаңырағын шайқалтып тынған екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Астаналық Анар есімді келіншек жолдасын үй жанындағы дүкенге жұмсаймын деп, басы бәлеге қалған. Ашушаң енесі сол күні «ұлымды неге жұмсадың?» деп шу шығарып, үйінен қуып шыққан.

«Әкем ерте қайтыс болды. Анамның жалғыз қызымын. Анам мені асыраймын деп өмір бойы жанталасты. Ешкімнен кем қылмай өсіріп, жоғарғы оқу орнына түсірді. Өзім де сабаққа жүйрік едім. Грантқа түсіп, университетті абыроймен бітіріп шықтым. Жолдасым Жараспен сол студент кезімде таныстық. Менен екі курс жоғары оқығандықтан, оны бастапқыда байқай қоймадым.

Бірақ оның маған сырттай көзі түсіп жүріпті. Сымбатты бала болғандықтан, топтың бүкіл қыздары соған ғашық еді.

Бір күні сабақтан қайтып бара жатсам, күйеуім көлікпен келіп: «Қайда апарып тастайын, қарындас?» деп тоқтай қалды. Алғашында өзімше бұртиып, «қажет емес, өзім жетіп аламын» деп едім, күйеуім ақыры мені көндіріп, көлігіне қалай отырғанымды білмей қалдым.

Қарап отырсам, біздің махаббат дастанымыз сол күннен басталған екен. Сөйтіп төрт жылдай жүріппіз. Оқуымды бітіріп, сол жігітке тұрмысқа шықтым. Анам қолынан келгенше ұзату тойын жасап, жасауымды берді. Бірақ оның анасы бізді менсінбеді. Сөйтіп отбасылық өміріміз тәтті бола ма деп едім, бәрі керісінше болып шықты», — деп әңгімесін бастады келіншек.

25 жастағы әйелдің сөзінше, енесі алғашқы күннен бастап оны жерден алып, жерден салумен болған. Кей кездері тіпті «Әкесіз өскен жетімсің» деп бетіне басқан күндері де болыпты.

«Сол кезде қатты көңілім қалған. Әкемнің әруағына тіл тигізбеңіз деп айтуға қанша оқталғаныммен, күйеуімнің көңіліне қарап, тіс жармайтынмын. Ал Жарас анасы өсіріп, жеткізген соң ешқашан оған қарсы келмейтін. Ақыры үйде күнде жанжал-шу шығатындай күйге жеттік.

Үндемей құтылсам да, енем әр әрекетімнен кемшілік тауып, ақыры бір күні үйден қуып тынды. Сондағы бар жазығым жұмыстан келе жатқан Жарасқа «дүкеннен нан ала сал деген» сөзім болатын. Оны естіп қойған енем, ашуға булығып үйден қуып шықты. Қазір жарты жыл болды анаммен бірге тұрып жатырмын.

Күйеуім де екі ортада жүріп әбден қажыған, шешесі «ажырас» деп күнде есін шығаратын көрінеді. Бірақ бір-бірімізге деген махаббат суыған емес. Алдағы уақытта қалай күн кешетінімізді білмеймін. Арамызда бала да болмай тұр. Бәлкім немере сүйсе, енемнің маған деген көзқарасы өзгерер ме еді?», — дейді келіншек.