Тіл мәртебесін төмендететін фильмдер – көрерменді арзан күлкіге тәрбиелейді

Жан-жақты дамыған, ақпаратқа қанық, бәсекеге қабілетті бұл қоғам – әр түрлі әлеуметтік мәселелерге толы. Әлеумет сөзінің түпкі мағынасын – түгел қауым, тұтас жұртшылық, яки, халық деп қарастыруға да болады. Халықтың көңілі әлдекімге, немесе әлденеге еш уақытта толық толып, бәріне бірдей риза болған емес. Демек, әр нәрсенің астарында бір мәселе бар деген сөз. Қолжетімсіз баспана, тұрмыс жағдайының төмендігі, жетім балалар мен жесір аналар, мамандығың бойынша қызметке орналаса алмау, білімсіздік, қоршаған ортадағы әділетсіздік, қылмыс, т.с.с нәрселерді – қазіргі әлеуметтің күрделі мәселелері деп қарастыруға әбден болады.

«Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» деген аталы сөз бар. Демек, кейін біздің балаларымыздың ұрпағы бабаларының қандай уақытта нендей күн кешкенін көру үшін –  насихат құралы ретінде кино өнерінің атқарар рөлі орасан. Қазіргі уақытта көрерменге ақпарат материалдары ғаламтор желісі арқылы өте қолжетімді. Қалаған дүниеңді бір смартфонды басқару арқылы бақылай аласың. Осындай мүмкіндіктері мол уақытта көрермен талғамын қалыптастыру мен жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында отандық киногерелердің шығармаларын сапалы кинотуындылар арқылы жеткізуге әрекет ету керек. Мақсаттары әр түрлі мемлекеттік және коммерциялық арналардың да көптігі бұл жағдайда оңынан ықпал етері сөзсіз. Бұл орайда насихат құралы ретінде кәсіби мамандардың көзқарасымен сарапталып, жақсы деп танылған фильмдер аталмыш арналардан көптеп көрсетілуі тиіс. Ал мұндай дүниелерді түсіру үшін тың идеямен жазылған сапалы сценарий және мемлекет тарапынан демеу, көрерменнен қолдау керек. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта түсіріліп жатқан «попкорн» фильмдер тек комедия жанрында. Мәселен, «Гламур для дур» (реж.: А.Ұзабаев), «Келинка Сабина» (Н.Адамбай), «Свадьба на троих» (А.Бисембин), «Все из-за мужикoff» (А.Ұзабаев), «Бизнес по-казахский» (Н.Қоянбаев), «Брат или брак» (Е.Нұрғалиев) т.б. Мұндай сөз мәдениетін түсіріп, тіл мәртебесін төмендететін фильмдерді көру – көрерменді арзан күлкіге, жеңіл ойлауға, тұрпайы әзілдерге бір табан жақындауға ғана тәрбиелейді.

Егемен ел болуымызға қасық қаны қалғанша күрескен қаншама батырларымыз бар, көсем билеріміз бен даңқты хандарымыз бар. Олардың есімдерін тек көше тақтайшалары мен мектеп маңдайшаларына іліп қою аздық етеді. Сценаристер ұлы тұлғаның тым құрығанда біреуін таңдап алып, зерттеп, ізденіп, жазып, жеткізсе, басшылық неге қолдамасқа?

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», тіпті ағымдағы жыл «Жастар жылы» деп бекітілді. Елбасымыз жоғарыда аталған жолдаулардың бәрінде көне замандағы көрікті қалаларымыз, сән салтанаты таласқан озық ескерткіштеріміз бен мәдени мұраларымыздың айнымас айғақ боларын атап өтті. Демек, ұлттық кодты ұлықтау аясында ұлы тұлғалар туралы түрлі жанрдағы (көркем фильмдер, деректі сериалдар) туындылар түсірілер болса мемлекет тарапынан қолдау алары сөзсіз. Бұл ретте телекөрерменді дұрыс бағыттайтын блогерлер ен кәсіби мамандардың да атқарар қызметі орасан. Әрбір басылым беті мен ақпарат сайттарының кез-келгенінде кино өнерінің жаңалықтарын жариялауға арналған бөлім болуға тиіс. Онда салынған материалдарды (фильмдерді, телесериалдарды, мақалалар мен сыни талдауларды, жаңалықтарды) талдау арқылы көрермендер арасында пікірталас ұйымдастырып, талғамдарын да түзеуге жол ашуға болады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кімге де болмасын жалқаулықтан арылып, терең ізденуге, тың жаңалық ашуға талпыну керек. Қазақ кино өнерінде бұрын соңды түсірілмеген, яки аз түсірілетін спорт, білім-ғылым, медицина, ғарыш, аспан әлемі турасындағы ерекше тақырыптарда фильмдер мен сериалдар түсірілуі керек. Мұны іске асыратын жас киногерлердің қабілетін шыңдап, ынтасын арттыру үшін отандық, әлемдік деңгейдегі фестивальдер мен байқауларды көптеп ұйымдастыру керек. Бұл – киноматографистердің шығармашылық жолда өсу деңгейін көтеріп қана қоймай, сапалы киношығармалардың көбеюіне әрекет етеді.

Бүгінгі күннің айнасын ертеңгі ұрпаққа көрсетуде зеттеу материалы ретінде құнды болып саналатын кинотуындалар көптеп түсіріле берсе деген игі тілек.

Айжан Есенгелді

«Қамшы» сілтейді

Бөлісу: