Алматыда 2 пайызбен ипотека беріледі: Құжат қабылдау мерзімі аталды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтылған халықтың аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы аналарға қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша қалалық жоспарды таныстырды.

 

Мегаполис басшысы ол үшін жергілікті бюджеттен 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінетінін атап өтті, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір қазақстандық отбасы реформа нәтижесін болашақта емес, дәл қазір сезінулері тиіс. Аз қамтылған азаматтардың табысын көтеру, баспанаға, сапалы білім мен денсаулыққа қолжеткізулері және өңірлерді дамыту үшін Президент қосымша 2 триллион теңге бөлуді тапсырды. Президент алға қойған әлеуметтік мәселелерді сапалы орындау үшін Алматыда нақтылы шаралар жоспары, оның ішінде «Бақытты отбасы» қалалық әлеуметтік бағдарламасы жасалды. Бұл — жеңілдетілген тұрғын үй ипотекасы, оқушылар мен студеттердің стипендиясы, әлеуметтік және бірреттік төлемдер, жұмыспен қамту және басқалары. Жалпы, халықтың аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсету үшін 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді», — деді Бауыржан Байбек.

Енді 11 наурыздан бастап «Бақытты отбасы» арнайы қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттар қабылданады. Алғашқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын құрайды, мөлшерлеме — 2 пайыз. Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасылардың алғашқы жарнаны төлеуге қаражаттары жоқ болғандықтан қала бюджетінен 1 миллион теңгенің тұрғын үй сертификаттары бөлінеді. Алматының көпбалалы отбасылары үшін екінші баласынан бастап бала бақша тегін болады. 20 наурыздан бастап аз қамтылған отбасылардың 4 мыңға жуық оқушыларына алғаш рет стипендия төленеді. Мектеп оқушылары ай сайын 5 мың теңгеден, ал университеттер мен колледждер студенттері 10 мың теңгеден алады. Қиын жағдайға душар болғандарға берілетін бірреттік төлем көлемі 25 мыңнан 50,5 мың теңгеге көбейеді. 15 наурыздан бастап жәрдемақы көлемі артып, 5 мыңға жуық адамды қамтиды.

Бөлісу: