Баламыздың немен айналысатынын білмейміз

Еліміздің бірнеше аймағында қайталанған оқушылар арасындағы төбелес ешкімді де бейжай қалдырмады. Өйткені қазір интернет жүйесі ашық. Болып жатқан оқиғаның барлығы әлеуметтік желі де жылдам таралады.

Ең қиын саланың бірі – оқу-ағарту саласы. Оқушылар арасындағы әлімжеттік, зорлық-зомбылық оқиғалары осыны айғақтайды. Бұл – қоғамның шындығы. Оны мойындауымыз керек. Осы орайда «кім кінәлі?» деген сауал туындайды. Мұғалім кінәлі ме, әлде жалпы оқу жүйесіндегі тәлім-тәрбие дұрыс емес пе? Әлде ата-ана кінәлі ме? Енді осыған жауап іздейтін болсақ, бұл жерде барлығы кінәлі деп айтуға болады. Сол себепті мәселеге атқарушы билік, білім және ғылым министрлігі ерекше назар аударуы керек. Көп нәрсе бос жүрістен туындайды. Балаларға арналған үйірме көп. Бірақ бәрі ақылы. Баласын үйірмеге беруге көптеген ата-аналардың мүмкіндігі жоқ. Екінші мәселе – ата-аналарға қатысты. Өйткені біз бала тәрбиесіне өте немқұрайды қарайтын болдық. Баламыздың бос уақытында немен айналысатынын білмейміз. Кіммен дос, сабағы, тәртібі қалай? Мектеппен тығыз байланыс жасамаймыз. Барлығын ұстаздарға ысырып тастайтын жағдайға жеттік. Сондықтан ата-аналардың жауапкершілігін заңмен күшейткеніміз жөн. Балалар ата-ананың тәрбиесінде болуы керек. Үшінші жағынан мектептің де кінәсі бар. Мектеп директоры, сынып жетекшісі, ұстаздар, тиісті тәрбие жөніндегі орынбасарлар бар. Олар әрбір оқушының психологиясын, қандай отбасынан шыққанын біледі. Мінез-құлқы да таныс. Өткендегі бейнежазбаның бірінде төбелес мектеп дәретханасының ішінде болып жатыр. Егер оқиға басқа жерде болса, түсінемін. Ал мектептің ішінде болса, онда мектептің директоры бастап жұмыстан кетуі керек. Болар іс болған соң, кінәліні іздеуден гөрі, мүмкіндігінше осы мәселені азайтуды ойлаған да дұрыс. Оның бірнеше жолы бар. Біріншіден, мектептегі үйірмелер оқушылар үшін тегін болуы керек. Сабақтан кейінгі бос уақыттың бір бөлігі мәдени, спорттық шараларға арналғаны жөн. Екіншіден, ата-ананың жауапкершілігін күшейтетін заңдарды енгізу қажет. Жалпы, бала тәрбиесінің 80 пайызы ата-анаға байланысты. 20 пайызы мектеп пен араласатын ортасына қатысты. Ата-ана баласына дұрыс тәрбие берсе, ол дұрыс азамат болып өседі. Бала аяғынан тік тұрып кеткенше, ата-анасының бақылауында болсын. Үшіншіден, сабаққа кіргеннен кейін барлық бала мектептің тікелей қарамағында. Түрлі бақылау камералары, арнайы кезекшілік, психолог бар. Барлығы мінезі қиын балалармен жұмыс жасауы тиіс. Бұл мектептің ұжымының міндеті.

Еліміздегі әрбір мектепке тәртіп сақшысы бар. Мектептегі қауіпсіздікке жауап беретіндіктен, кейбір оқиғаға олар да жауапты. Бәрінен де өткір мәселе – бала ұратын мұғалімдердің кездесетіндігі. Жалпы, мұны қоғам болып қарастыруымыз қажет. Мысалы, Англияда дәстүрлі мектептер бар. Көптеген британдықтар балаларын сондай мектепке береді. Ал Данияда өткен ғасырларда тәртіпке бағынбаған, дұрыс оқымаған балаларды ұрып жазалау дәстүрі болған. Біздің бабаларымызда да осындай әдет болған. Кезінде молдалар жазалау үшін міндетті түрде шыбықты қолданған. Баласын молдаға оқуға берген қазақ «Айналайын, баланың еті – менікі, сүйегі – сенікі» дейтін болған. Олай дегені – қалай тәрбиелесең де, өз ықтиярың дегені. Тек бала хат таныса болғаны. Кезінде кейбір ер ұстаздар бізді де 1-2 рет тартып-тартып жіберетін. Бірақ сол жағдайды ата-анамызға келіп айтпайтынбыз. Мұғалімдікі дұрыс емес. Дегенмен, біз сол кезде артық кеткенімізді түсінетінбіз. Ұстазымыздың бізді шапалақпен тартып жібергенін дұрыс көретінбіз. Қазір заман басқа. Ұру, сабау ешқандай этикаға келмейді. Сондықтан мұғалімнің ұстамды болғаны жөн. Мектепке ер немесе әйел адамды жұмысқа қабылдағанда психологиялық жағынан тексеру керек.

Жоғарыдағы мәселелердің барлығы «Ұстаз мәртебесі туралы» заң жобасы аясында талқыланып жатыр. Жақында Қызылордаға барып, ұстаздар қауымымен кездестік. Бізді ерекше толғандырғаны – ер мұғалімдердің аздығы. Оған себеп материалдық жағдай екені даусыз. Өйткені ұстаздардың әлеуметтік жағдай жақсы деп айта алмаймыз. Жұмыстары күрделі, есесіне, жалақысы аз. Сондықтан «Ұстаз мәртебесі туралы» заңның негізгі мақсаты – оларды артық жұмыстардан босату. Сонымен қатар үздіксіз 30 жыл қызмет еткен ұстаздардың еңбек демалысына шығуына мүмкіндік беру. Алайда демалысқа ерте шыққан ұстаздың зейнетақысы қанша болады? Сол жағы алаңдатады. Бұл жерде мұғалімге таңдау жасатқан жөн. Тағы бір үлкен ұсыныс – сынып жетекшілеріне берілетін жалақыны көбейту. Қосымша жұмыстарды азайту, жеңілдік беру секілді ұсыныстар заң жобасында бар. Бұл бір ауыздан мақұлданады деуге келмейді. Бұның артында үлкен қаржы жатыр. Ертең мемлекет қаржыны бөлуге дайын ба, әлде дайын емес пе? Сол жағы әлі талқыланады. Өйткені ұстаз мамандығы – ең қиын, жауапкершілігі жоғары мамандық. Жалақысы өте аз. Мәселен, ірі компанияларда еден жуушы 200-250 мың теңге алады. Осы әділеттілік пе? Әрине, әділетсіздік. Өйткені мемлекеттің капиталы – адам. Ал адам капиталын жасайтын – мұғалімдер. Сондықтан сала мамандарының аз жалақы алатындығы алаңдатады.
Болашақ заңда мұғалім мамандығын таңда­ғандардың стипендиясын көтеру мәселесі де бар. 4 жыл оқиды. Бірақ басқа мамандықтарға қарағанда стипендиясы жоғары болады. Ал жоғары оқу орындары келешек мұғалімдерді ақылы түрде дайындауды доғару керек. Егер біз мұғалімдердің айлығын көбейтсек, осы мамандыққа ұмтылатындардың да қатары көбейеді. Олардың қатарын жігіттер де толықтыратындығы даусыз.
Халқымызда «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген аталы сөз бар. Талантты ұстаз өз ортасын таңғалдыру үшін шәкіртін тамсандыру, білімге құштарлығын оятуы керек. Мұғалім жалған атақ, жалған абыроймен биікке көтеріле алмайды. Тәжірибелі, шебер ұстаздар білім және ғылым министрлігінің марапаттарына ғана ие болады. Ал одан тыс марапаттың еш салмағы да, мәні де жоқ. Әлдебір ұйымдардың жалған төсбелгілерін сатып алып, кеудесіне тағу – ұстаз үшін ұят. Ондайға баратын ұстаздарды түсінбеймін. Өкінішке қарай, біз оны заңмен шектей алмаймыз. Бәрі мұғалімнің санасына байланысты.

Бөлісу: