qamshy.kz

Мен жалғыз тұрамын, бірақ жалғыздықта емес… 

Ширли Адель Мейсон 1923 жылы Миннесот штатында дүниеге келді. Ширлидің анасы Марта Хэйгман шизофрениямен ауырған. Түнде көше кезіп, түрлі дауыстар шығарады екен. Кейде күледі, кейде жылайды, ашуланады.

Ширли Мейсон

Ал ана дертінің зардабы отбасының жалғыз қызына тиді.  Анасы оны сандыққа қамап, тұншықтыратын, қол-аяғын байлап алып күнде ұратын. Өмірі үреймен, қорқынышпен өткен қыз анасының қорлығы жайында ешкімге тіс жарып айтпаған, керісінше «анам – әлемдегі ең жақсы адам» дейтін. Уақыт өте келе Ширли есін жоғалта бастайды, не істеп, не қойғанын өзі де білмейтін күнге жетеді, психологиялық ауытқуға ұшырайды.

Ширли Мейсон

Ширлидің анасы

1945 жылы Ширли алғаш рет психиатор Корнелия Уилбурмен кездеседі, алайда психологтың жұмысына анасы кедергі келтіреді. Екеуін кездестірмейтіндей жағдайға түсіреді.

Ширли Мейсон

Тек 1954 жылы Ширлидің анасы дүниеден өткен соң психологтың қабылдауына қайа жазылады. Ол кезде Ширли Мейсон Колумбия университетінде мұғалім болып қызмет атқарды. Айлығы өзіне жеткілікті болатын, алайда ақшаның қайда кетіп жатқаны белгісіз. Ал киім сөресі түрлі көйлекке тұнып тұратын. Олардың да қайдан келгені қызға беймәлім. Белгілісі – Ширли жалғыз болды, достары да, араласатын жақындары да жанында болмады.

Ширли Мейсон

Кейде түнде өз кереуетіне ұйықтап, таңертең үйінің сыртындағы аулада оянатын, кейде сынған әйнектердің арасында жатқан жерінен оянады.

Псхиологпен әңгімесі барысында Ширлидің бойында бірнеше адамның өмір сүретіні анықталды. Олар:

Пегги Лу – ашуланғанда әйнек сындыратын Ширлидің бір түрі. Дәл осы Пегги дәрігерге анасының қандай қатыгез болғанын айтып берді.

Вики (француз қызы) – тыныш, сабырлы, қымбат көйлектерді сатып алғанды ұнатады әрі батыл.

Пегги Энн – шашы ашық түсті қыз.

Ағаш шебері Майк пен ағаш шебері Сид.

Ванесса – музыкант.

Клара – діни, сыншыл адам, анасының өзін ғана емес, көршінің қыздарын қорлағанын Клара айтып берді.

Мэри әжей.

Марсия – жазушы және суретші.

Ширли Мейсон

Есімі жоқ ақсары бойжеткен.

Мұның бәрін анықтау үшін дәрігер Уилбур натрий тиопенді инъекцияларды пайдаланды. Кейін анықталғандай, Ширлидің химиялық препаратқа тәуелд болып қалғаны соншалық, оқиғаларды ойдан құрастыра бастаған. Алғашында дәрігер мұны байқаған жоқ, сол себепті Ширлидің немесе оның бойындағы өзге де типтердің айтқандарына бірнеше жыл бойы сеніп келді.

Бірақ Ширли дәрі ішпесе, жүйкесі жұқарып, ашуланшақ болып кететін күйге түскен. Дәрігер мұны да тоқтатудың жолдарын қарастырып көрді. 1965 жылдары Ширли препараттан бас тарта бастады, бұл қызға жақсы жағынан әсер етті, есі қалпына келіп, сауыққандай болды.

Дәрігер мен Ширли жақын құрбыларға айналады. Ширлидің тағдыры бір кітаптың жазылуына да арқау болды.

Ширли Мейсон

1973 жылы АҚШ-та «Сибилла» атты Флора Рета Шрайбердің жаңа кітабы жарық көрді. Онда Ширлидің басынан кешкендері жазылған. Кейіпкерлердің есімдері өзгертілген кітаптың миллиондаған тиражы шықты, халықаралық бестселлерге айналды.

Ал 2007 жылы дәл осы атпен фильм шықты.

Сибилла

Алайда Ширлидің дертіне қатысты түрлі болжамдар да жоқ емес еді. Мәселен, психолог Герберт Шпигель «Уилбур Ширлиді өз мақсатына пайдаланды» деп есептеді. Мұндай оймен бірнеше дәрігер келісті. Алайда Ширли халық жадында «бойында 16 адам өмір сүрген қыз» ретінде сақталып қалды.

1998 жылдың 26 ақпанында ол қатерлі ісіктен қайтыс болды.

Гүлім Жақан