Жексенбі күні 17 наурызда Қазан қаласында «Ресей аумағының тұтастығы, әлеуметтік әділеттілік және жаңа курс» атты митинг болды. Алаңға жиналған жүзге жуық қауым ниеттерін билікке ашық білдіріп, мемлекетті басқару жүйесін өзгертуді талап етті.

Жиырмаға жуық полиция қызметкері шеруді сырттай бақылап тұрды.

«Совет одағын сақтап қалу референдумы күнінде біз Ресей территориясының тұтастығы, әлеуметтік әділеттілік үшін митингке жиналдық. Бізге керегі – азаматтық қоғамның сақталуы, сөз бостандығы, билікті еркін сынау, лайықты білім жүйесі, медицина әрі тиімді сот жүйесі», — митингіні ұйымдастырушылардың бірі Евгения Исламова.

Ресейде митинг

Исламованың сөздерін өзге шерушілер жалғастырып  әкетті.   Алғашқы болып сөз алған «Орыс мәдениеті» қауымдастығының төрағасы Михаил Щеглов алдымен халықты мерекемен құттықтады.

«Бүгін біз үшін ұлы күн! Совет одағын сақтап қалу үшін дауыс бергенімізге 1 жыл толды. Қырымның Ресейге қосылғанына 5 жыл болды. Бар қалағанымыз – қарапайым халықтың жақсы өмір сүруі», — деді Щеглов.

Совет одағының орағы мен балғасын әрі Ресей империясының туын ұстап шыққан Михаил Щегловтың сөзін мұқият тыңдады. Оның айтуынша, Ресей айналасындағы жердің бәрі дерлік орыстарға тән екен.

«Қазақстан орыстікі. Қазақтарға қарсылығымыз жоқ. Қазақстан – казактардікі, сонымен болды. Түсінесіздер ме, айналаның бәрі бізге тән, бәрі біздікі. Бермеуіміз керек, сақтайық», — деген Щеглов шерушілерді бір рухтандырып алды. Себебі оның сөзін қолдағандар «Бізді ешкім жеңе алмайды! Ресей, Қазан, Ресей» деп айғайға басты.