Президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы елбасы бүгін, 19 наурызда, жасаған мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды

Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес», — дейді Назарбаев.

Елбасы биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметті атқарып келе жатқанына 30 жыл толатынын атап өтті.

Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті болу мүмкіндігін берді. Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалды. Ел ішінде қобалжу мен түсініксіз жағдай орын алды.

Ішкі жалпы өнім екі есе қысқарды, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтап қалды. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді.

Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік.

Біздің үштұғырлы міндетіміз – нарықтық экономика құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет – Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық.

Біз әлсіз экономикамен және жағдайы жоқ азаматтармен демократиялық институттар қалыптастыру мүмкін болмайтынын түсініп, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне баса мән бердік. Соның нәтижесінде экономикамызды 15 есе, ал халықтың табысын 9 есе (доллармен есептегенде) арттырып, кедейшілік деңгейін 10 есеге жуық қысқарта алдық.

Біз 2007-2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың бәрін ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік.

Қазақстан аграрлы экономикадан өнеркәсіптік-сервистік экономикаға өтті. Елді индустрияландыру және урбанизациялау процесі жүріп жатыр. Шикізат секторына әлемнің ірі инвесторлары келді.

Соның арқасында мұнай-газ секторындағы күрделі жобаларды жүзеге асыра алдық.

Шикізат ресурстары есебінен қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор құрылды. Қазақстан жаһандық экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Инвестиция тартып, әлемнің барлық дерлік елдерімен сауда-саттық жүргізіп келеміз.

Еліміздің жаңа инфрақұрылымдық діңгегі бой көтерді. Елдің барлық өңірін автомобиль жолдары мен темір жол желісі байланыстырады. Ал, авиация маршруттары әлемнің түкпір-түкпіріне баруға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан тек аумағы жағынан ғана ірі мемлекетке айналған жоқ. Бүгінде азаматтарымыздың саны 18 миллионнан асты. 20 миллионға жететін күн де алыс емес. Біз әлемдегі озық дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Мақсатымыз – озық дамыған 30 елдің қатарына ену.

Біз қираған КСРО-ның орнында заманауи нарықтық экономикасы бар, табысты Қазақстан мемлекетін құрып, көпұлтты және көпконфессиялы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырдық. Көпғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық тұрғыдан мойындалуын қамтамасыз еттік. Мемлекет ретінде бедерленбеген Қазақстанды әлем картасына енгіздік. Біздің өз Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар.

Біз 90-жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісін қолға алдық. Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық.

Жаһанды дағдарыс жайлағанына қарамастан, біз Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салдық. Егемендікке ие болған  жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенемін. Олар – тәуелсіз Қазақстанның түлеп ұшқан жас қырандары.

Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін.

Еліміздің тарихында алғаш рет өз елордамызды тұрғыздық. Астана – барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің жарқын көрінісі.

Осының бәрін сіздермен бірге жасадық, құрметті қазақстандықтар», — дейді президент.

Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін», — дейді мемлекет басшысы.

Бөлісу: