Бүгін, 19 наурызда, өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдеген президент Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кеткеннен кейін немен айналысатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Өз сөзінде елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметінде қалатынын айтты.
«
Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін.
Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім.
Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін.
Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады», — дейді мемлекет басшысы.
Айта кетсек, бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады.