Ақтау қалалық әкімшілік соты министрлердің «Ашық есік күні» шарасына барып, сұрақ қоймақ болған жергілікті тұрғынды бес тәулікке қамады. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылының тұрғыны Жамбыл Көбейсінов 15 наурызда ұсталған. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының Ақтау филиалында өткен министрлердің ашық есік шарасына кірмек болған.

YouTube желісінде тараған видеода полицияның Көбейсіновті көлікке салып әкетіп бара жатқанын көруге болады. Көбейсінов видеода министрлерге бірнеше «өткір сұрақ қоймақ болғанын» айтады. Оның туысқандарының сөзінше, Көбейсіновті сол күні соттап, изоляторға қамаған.

Сот оны Әкімшілік кодекстің «құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағынбау» бабы бойынша айыпты деп тапқан. Сот үкімі 16 наурызда шыққан.

35 жастағы Көбейсінов — алты баланың әкесі, кенжесі әлі жасқа толмаған. Ол ақпанда Маңғыстау облысы әкімінің халықпен кездесуінде әлеуметтік мәселелерді көтерген. Көбейсінов 2016 жылы Жер митингілерінде де көзге түскен.