ЖОҚ ІЗДЕП ЖҮРМІН 

Жоқ іздеп жүрмін жоғалтып алып барымды,
Жол іздеп жүрмін қайтарар өткен шағымды.
Бірлігім неге бүйректей кетті бөлініп,
Түндігім неге түс аумай жатып жабылды.
Жұрт емес пе едік жұдырыққа ұқсап жұмылған,
Ұлт емес пе едік ұл менен қызы дарынды.
Заң іздеп жүрмін қорғайтын қолда барымды,
Жан іздеп жүрмін түсінер мұң мен зарымды.

Ел іздеп жүрмін азансыз таңы атпаған,
Сан ғасыр бойы сақшыдай салтын сақтаған.
Табысын емес, намысын қорғап тұмардай,
Малы үшін емес, ары үшін болған ақтабан.
Қол ұшын созып жесірі менен жетімге,
Ол үшін одан ақы дәметіп жатпаған.
Мұрагерлерін бесіктен бастап үйретіп,
Құлагерлерін құлын кезінен баптаған.

Осының бәрі көрген түстей боп кешегі,
Жоқ болып кетті жат жұрттың жұғып кеселі.
Жерініп жүрмін өзімнен-өзім бұл күні,
Демігіп жүрмін дертімнің болмай еш емі.
Мол мұрам қайда, домбырам қайда жоғалды?!
Батыстан гулеп барабан үні еседі.
Қоғамым мынау қарғасын төрде сайратып,
Тұлпардан озып бәйгіні алған есегі.

Ер іздеп жүрмін елі үшін аттан түспеген,
Іріткі салмай ізін қалдырған іспенен.
Екпіні емен жұлатын қайран ерлерім,
Алып даламды алып қалған-ды күшпенен.
Қолымда барда алтынның білмей бағасын,
Қадірін білмей қалдық деп қатты тістенем.
Олар да қазір ортамнан кетті көрінбей,
Алтынды қатар қойғаннан кейін мыспенен.

Арыстарым-ай шетінен бәрі абадан,
Қырағы көзбен қияны шолып қараған.
Бұрынғы ерлер қорғаған ұлт пен ұрпағын,
Бүгінгі ерлер қатынын соғып сабаған.
Жау келсе қарсы шабады деген батырлар,
Бірлігі кетіп, бір-бірін алған жағадан.

Қарттарды іздеймін бауыры бүтін, басы аман,
Дәурен-ай, шіркін, ғасырдан ұзақ жасаған.
Абыздарым-ай, айналып төрдің сәніне,
Күректей қолмен білектей майды асаған.
Ақылын айтып, батасын беріп баршаға,
Шежіресі мен тарихын тасқа қашаған.

Шалдар көбейді дін емес, жынды дос еткен,
Араққа бөгіп, тұра алмай жатқан төсектен.
Қарта ойнап жүрген қарттардың қалмай қадірі
Дуалы аузы босамай жатыр өсектен.
Сексенге жасы, тоқсанға, жүзге жетсе де,
Ғұмырын қайтем құлшылығы жоқ бос өткен.

Әжені іздеймін әз жүзін әжім қаптаған,
Қарынға салып май менен құртын баптаған.
Сақтаған сүрін кебежесінің түбінде,
Немерелерім жесін деп дәмін татпаған.
Келінге сенбей кенжесін асқа тойдырып,
Жақындарының жай-күйін білмей жатпаған.

Қазіргі әжең жетпіске жеткен жасы бар,
Қиылған қасы, боялған селдір шашы бар.
Майдың орнына маргарин алып дүкеннен,
Шайдың орнына шарапты ішіп шашылар.
Немере емес, мысығын басып бауырына,
Шөбере емес, күшігін күтіп асырар.

Келін іздеймін алғысын елдің алатын,
Жолыңды кеспей иіліп сәлем салатын.
Қабағын шытпай қартайған ата-енесін,
Тамағын беріп, барымен баптап бағатын.
Түскен үйінің түтінін түзу шығарып,
Ошақтың отын өшіріп алмай жағатын.

Қазіргі келін әр айтқан сөзін заң қылып,
Керіліп жатар ұйқысын ұзақ қандырып.
Қауқарсыз қалған қарт ата-енесін жақтырмай,
Айғайы менен ойбайы тұрар жаңғырып.
Қара шалдарым қара шаңырағын қалдырып,
Қарттардың үйін паналап кетті-ау қаңғырып.

Қыздарды іздеймін лайлатқызбаған тұнығын,
Қырық үй болып қадағалаған қылығын.
Айнадан басқа ажарын ешкім көрмеген,
Бес күнде тарап, он күнде өрген бұрымын.
Домалақ ана, Айғаным менен Зередей,
Асылдарымның таба алмай жүрмін сынығын.

Қыздарым мынау бояуын жағып бір батпан,
Сыра сіміріп, темекісінен күл қаққан.
Тұрмысқа шықпай балалы болып үлгеріп,
Қыз Жібектерім қызығын ерте ұрлатқан.
Ләйлімдер ләйліп, Еңліктер ашып етегін,
Томиристерім түнгі клубтарда түн қатқан.

Баланы іздеймін атаның атын танытқан
Бес жастан би боп оқ бойы озған халықтан.
Аятта айтқандай екі жыл бойы емізіп,
Анасы оны ақ уызына жарытқан.
Дәретін алып, дәстүр мен дінін дәріптеп,
Сүтпенен бірге сүйекке мінез дарытқан.

Бала көбейді бәленің бәрін білетін,
Бесіктен боқтап, есіктен сыбап кіретін.
Экраннан көрген құбыжықтарға еліктеп,
Ер Төстік жайлы ертегі айтсаң күлетін.
Ұяда жүріп ұяттың ұқпай не екенін,
Қияда жүріп қиянат жасап жүретін.

Дінімді іздеймін сән үшін сақал қоймаған,
Өз басын емес, көз жасын елдің ойлаған.
Дәстүр мен дінді қатар ұстанып, қастерлеп,
«Бидғат» демей мәулітті ел боп тойлаған.
Шариғатты ұқпай шаһид болам деп шатасып,
Өзі-өзін жарып, өз жанын өзі жоймаған.

Дініміз мынау кіршіксіз түрі кірлеген,
Балақты кесіп, бақталас болдық пірменен.
Бабаларым-ай, ханафи жолын ұстанып,
Араларына жау түгіл дау да кірмеген.
Бүлікті салып бір хадис жаттап алғандар,
Іріткі салып Ібіліс шықты-ау іргеден.
Қаншама жанды кәпір деп ажал құштырып,
«Тақуалар» жүр сауапты теріп түрмеден.

Тілімді іздеймін жүзіндей өткір шалғының,
Осы тілменен өлшенер менің бар құным.
Осы тілменен Махамбеттер мен Абайлар,
Жыр-дастан етіп жеткізе білген зар-мұңын.
Осы тілменен Әз Тәуке жазып жарғысын,
Осы тілменен Абылай айтқан жарлығын.
Бір ауыз сөзбен жылаған жанды жұбатып,
Бір ауыз сөзге сыйдыра алған барлығын.

Тіліміз бүгін жай-күйін кешіп жарлының,
Енді-енді сездік кең дүниенің тарлығын.
Қазақ боп туып, орыс боп өскен жастарың,
Құлыптап қойды тілімнің қара сандығын.
Қазақтың өзі қазақтың тілін менсінбей,
Соңынан жүрміз әркімнің теріп қалдығын.

Киімді іздеймін құндыздан еткен жағасын,
Оюдың өзі білдірер келген даласын.
Бешпент пен қамзол, кимешек пенен кебістің,
Баз кешіп жүрміз барында білмей бағасын.
Арбасып жатқан заманда мының барлығын,
Шаң басып жатқан мұражайлардан табасың.

Осыны ойлап шақша бас болды шарадай,
Барамыз ұлт боп балынан безген арадай.
Саптама етік сандықтың жатып түбінде,
Жаулығың қалды шаң сүртуге де жарамай.
Наурыз келсе, шапанын шалдар іздейді,
Жаңа жыл келсе, маскасын киген баладай.

Қазіргі билер парамен тапқан пайдасын,
Жасырып істі, асырып жұрттан айласын.
Шеріне емес, шеніне қарап адамның,
Кедейден гөрі жоғары қойған бай басын.
Қиямет күні болатын соттан қаймығып,
Қақ жарған қылды Қазыбектерім қайдасың?!.

Алдымда әлі арайлап атып бір таңым,
Күңіреніп емес, күлімдеп айтар жұрт әнін.
Бұл маңда ешкім барыңды тартып алмайды,
Тұрғанда аман тұғыры биік сұлтаным.
Тәубеңе келіп, Құдайға жаса құлшылық,
Жоқ болып егер кетпесін десең ұрпағың!