15 – сәуір қандай күн?
IZDEU.INFO

15 – сәуір қандай күн?

Көңілді көктемнің шуақты мерекесінің бірі – 15-сәуір «Қозы Көрпеш–Баян Cұлу» ғашықтар күні. 15 – сәуір қандай күн?

Ежелден-ақ адам баласы ұлы махаббат сезімін ерекше қадірлеп, қастерлеп келген. Соның әсері болса керек, әр халық осы сезімді құрметтеп, бағалануын тілеп, түрлі күндерді ойлап тапқан. Кіршіксіз махаббатқа толы жүрек иелері Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін атап өтіп, осы күні барлықтары жақындарына, ғашықтарына сезімдерін білдіріп те жатады.

«Қозы Көрпеш–Баян Cұлу» күнінің тарихы

Махаббат — дүйім дүниенің ең асыл, жалпақ жалғанның ең кіршіксіз сезімі болса, ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген сезімге адал, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шынайы махаббаттың символы іспетті. Бұл екі ғашық шамамен 12-13 ғасырларда ғұмыр кешкен. Сарыбай мен Қарабайдың төл перзенттері. Аң аулап жүріп құдаласқан бұл екеуі ұл-қыздарының кейінірек махаббат жолында түрлі қиыншылықтарға ұрынатына куә болады. Дүниеқоңыздық пен көре алмаушылық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек иесі өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббаттары осымен құнды. Қос ғашықтың махаббаттарын ұғынып, осы екі жүрек иелерінің атына күн белгілеп, махаббатты дәріптеуді ұсынып, бастама көтерген Дархан Мыңбай атты Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген ел ағасы екен. Мереке 1999 жылдан бері атап өтіліп келе жатса да, күшіне енді ғана еніп, жастарды қызықтырып, бір ойдың, бір идеяның астында жинап отыр.

Не себепті 15-сәуір?

Махаббат мерекесі сөзсіз көктем мезгілінде болу керек сынды. Себебі, көктем – күллі адамзат үшін сезімнің, шуақтың, шабыттың, яғни махаббаттың синонимі секілді. Сонымен қатар, бұл айда бірде-бір елеулі мереке жоқтығы да әсер етеді. Тағы бір себеп – бұл күн көктемнің бел ортасы. Символдық жағынан көңілге қонымды.
– «Ғашықтар күні» мерекесі жастар мен жасөспірімдердің мерекесі деп ойлаймын. Өйткені лаулаған махаббат сезімі көбінесе албырт жастарға ғана тән. Ал жеке өз басым ешқашан аталған мерекенің шығу тарихына арнайы зер салып көрмеппін…Сонымен қатар, барлықтарыңызды келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын, – дейді Арай Сайратқызы.

Сезім мерекесінің қажеттігі сол – кеудесінде жұлқынған жұдырықтай еті бар адам ішкі лүпілін өзгеге жеткізуге ынтық. Ал кез-келген ұятты пенде жан сырын жайып саларға ұяң келері рас. Қысқасы себеп керек. Салдарын маңдайының бағы білері хақ…

IZDEU.INFO порталы баршаңызды келе жатқан 15 сәуір — Ғашықтар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Дереккөз: baq.kz

Ұқсас мақалалар: