Әлихан Бөкейхан көшесіне барып қайтсаңыз…

Бүгін Алматы қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы көшеге барып қайттым. Көшенің басынан түсіп қалып, 3950 метр ұзындықта жатқан көшені жаяу аралап шықтым.

3950 метр дегенге «жақсы» демеңіз, жартысы жол, жартысын айналмалы көпірлер алып жатыр. Ал көшенің аты абырой болғанда Әлиханның атымен асқақтап тұрмаса: «бұл жерде не бар?» деген сұраққа жауап бере алмас едім…

Жаяу жүргіншілердің жолымен жүріп келем. Шаң-шаң болған аяққа қарап, Алматының жоғары жағында асфальтпен жүріп жатқандарды ойладым. Бақытты екен! Жол бойы көргенім қираған үйлер. Ғимарат салуға немесе «Есентай» секілді әйнектен зәулім сарай тұрғызуға арланған болар. Оның үстіне қаланың шет жағы: Жетісу ауданында орналасқан. Райымбек даңғылынан бастап Солтүстік айналымға дейін созылып жатыр. Рысқұлов даңғылын қиып өтеді.

Ұлт көсемі «маған көше беріңдер!» деп сұраған жоқ, алайда халық құрметтеп көшенің атын берген екен, оған да шүкір демесек, бұл нағыз ұят нәрсе! Көпір одан қала берді айналасында демалатын бірде-бір орны жоқ көшені Әлихан Бөкейханның атына бере салғанша, Бостандық немесе Медеу ауданы жақтағы шағын бір көшенің атын атай салған бек жақсы еді. Көшенің ұзындығымен де жарысатын қоғамға келдік қой…

Суретте көріп тұрғандарыңыздай, көше атауына деген құрмет жоқ. Бірінде «Бөкейханов», бірінде «Бокейханов», бірінде атымен жоқ. Ал бір суретте көріп тұрғандай астына: «быв.Аэродромная» деп берген. Таң қалатын ештеңесі жоқ, такси көкелерге «Наурызбай батырды» үш рет айтып артынан амалсыз «Дзержинский» дейміз.

Көшенің шаңын тұрған көліктерден-ақ көруге болады. Жалпы Ұлт көсемі кезінде көлік шығаратын завод ашқан адамдай есте қала ма дейсің… Себебі, көшенің екі жақ бойы толған СТО. Көлік жөндейтін жерлерден көз алып жүру мүмкін емес. Көріп тұрғандарыңыздай «Нур СТО» да бар.

Анау суреттегі осы көшенің бойындағы шағын әжетхананың көрінісі.

Тимирязев көшесінен бастап өзгерту жасаған қала әкімі Бауыржан Бәйбек мырза, осы бір Ұлт көсеміне берілген көшені көгалдандыруға, айналасын жасауға және демалыс орындарын да (саябақ) ашуға көңіл бөлсе дейсің. Дейсің-дейсің…

Айтпақтай, Астанада… ой, Нұр-Сұлтан қаласында мешіт салу туралы шулап едік қой. Мынау Әлихан Бөкейхан көшесінің бойындағы «Амин» мешіті. Жетісу ауданына қарасты екен…

Алаш үшін «ант» етіп, Алаш үшін өліп кеткен Әлихан Бөкейханға деген құрмет осы болса, жетіскен екенбіз. Өткеніңді ұлықтау, өткеніңе үңілу, олардың ерлігі туралы ұрпаққа жеткізу парыз дейміз ғой. Ертең балаңды ертіп осы көше бойымен жүріп жатсаң: «балам, мынау Әлихан атаңның көшесі» деп қайтып айтасың?!

Бас-басына ескерткіш салатын, тіпті жеке руына көше беріп, одан қала берді руына деген құрметін көл-көсір байлықпен есептеп жататын кәсіпкер мырзалар! Мына тұрған Алматыдағы көшенің бойын жасауға сіздер де ат салысып жіберсеңіздер. Әлихан «руым» деп өлген жоқ «алашым» деп өлген. Ақыры жоғары жақтан көше бере алмайды екенбіз, бар көшені гүлдендіріп жіберсек несі жаман?! Ең ақыры әруағы разы болмай ма!

Марғұлан Ақанның фейсбук парақшасынан алынған

Ұсынған: Әсел Болатқызы