Атырау халықаралық әуежайында полиция қызметкерінің қаруды абайсыз қолданып, әйелдің аяғына атып жібергеніне қатысты қызметтік тергеу жүргізілді. Соның нәтижесінде полиция сержанты полиция қызметкері атағының беделін түсіргені үшін ішкі істер органдарынан шығарылды, деп хабарлайды көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Сонымен қатар, оның тікелей басшысы атқарып отырған лауазымынан босатылып, басқа да бірқатар лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте көліктегі полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Аманжол Қабылов айтты.

«Мен Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің басшылығына зардап шеккен Наталья Дажукке қажетті көмек көрсетуге тапсырма бердім», — дейді Қабылов

Қазіргі уақытта Наталья Дажуктың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық және ол бүгін ауруханадан шығарылады.

Департаменттің жедел-тергеу бөліністерінің қызметкерлері немқұрайлық фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізуде.

«Көліктегі полиция департаментінің басшылығы орын алған факті бойынша өкініш білдіріп, Дажукке қажет көмек көрсетуді өз мойнына алады», — дейді полиция полковнигі.

Еске сала кетсек, 29 наурызда Атырау халықаралық әуежайында полиция қызметкері абайсызда әйелдің аяғына оқ атып жіберген еді. Ол қаруды тексермек болған екен.