Айқын Төлепберген екінші рет отбасын құрғалы жұрттың жағымсыз пікірінен көз ашпады. Әншіні қызқұмар деп ойлайтын көпшілік оны клиптеріне түскен әр қызбен жұптастыруды да әдетке айналдырған, деп жазады Stan.kz.

Соңғы ретте Айқын Аделя есімді 17 жастағы қызбен романтикалық бейнебаян түсіріп, қызу талқыға түсті. Бұл ретте көпшілік тыңдармандар Төлепберген жақында үшінші рет тоқал алса да таңғалмаймыз деп пікір білдірді. Алайда әншінің өзі бейнебаянда адам ұялайтындай ештеңе жоқ екеніне сенімді.

«Клипті байқап қарасаңыздар, тіпті қолыммен тиген жоқпын. Тек артында билеп тұрмын. Ұятты жерлер болған жоқ. Тек түндер туралы ән. Өмірде болатын хикая ғой», — деді Айқын «Гәкку» арнасының Follow Wars бағдарламасында.
Бұдан өзге, Төлепберген өзін қыдырымпаз әрі қызқұмар жігітке жатқызатын жұртқа жауап берді.

«Есі дұрыс жігіттің бәрі қаңғыбас. Демалыс сайын достарымен кездесіп, қаңғып кетеді. Бәріне әншілерді жаман етіп қоясыздар. Ішетіндер де әншілер, құртатындар да әншілер, үйленіп жатқан да әншілер. Бүкіл Қазақстанда мен бірінші адаммын екінші әйел алған. Қанша әнші бар, үлкен буын, көзді жұмып кез-келгеніне тигізші, жеке өмірі кәдімгі Санта-Барбара. Әйелдер иә, байғұс. Кез келген табысты жігіттің әйелінің өмірі қиындау. Себебі табысты жігіт көбінесе жұмыста жүреді, кездесулері көп болады», — дейді ол.

Сондай-ақ, Айқын жұбайы Жұлдыздың жүкті екенін растады. Ел аузынан түспейтін жұп болашақ сәбиінің жынысын да біліп үлгерген.

«Ұл емес, қыз туады. Алла қаласа, екі ұлым, екі қызым болады. Көпбалалы әке боламын. Әр балаға 21 мыңнан, мемлекет 84 мың теңге беруі керек», — деп күлді Айқын.