Анджелина Джоли қазақстандық режиссердің фильміне түсу үшін өзін “өлтіруді” сұрады

Анджелина Джоли қазақстандық режиссердің фильміне түсу үшін өзін “өлтіруді” сұрады

Танымал режиссер Тимур Бекмамбетов ресейлік журналист Юрий Дудьке берген сұхбатында Анджелина Джоли, Морган Фриман, Джеймс Макэвой сынды әлемдік кино жұлдыздарымен қалай жұмыс істегенін айтып берді. “Особо опасен” фильміне түсу үшін Джолидің қандай талап қойғанын, актрисаның режиссерден өзін неліктен “өлтіруін» сұрағанын түсіндірді, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әлемдік деңгейде бағы жанған, Голливудтың «мен» деген жұлдыздарымен жұмыс істеген Бекмамбетов 2008 жылдарды есіне алып, «Особо опасен» фильмін қалай түсіргенін айтып берді. Компания фильмге алғашқы кезде 35-40 миллион доллар бөлген. Әрине, мұндай көлемдегі ақшамен сапалы, көпшіліктің көңілінен шығатын фильм түсіру қиындау.

Бірақ киноға Морган Фриманнан бөлек Анджелина Джоли қосылғанда бюджет екі-үш есе өсіп, 100 миллион долларға жеткен екен. Әйтсе де, режиссердің айтуы бойынша, ол Джолиді фильмге түсіру үшін біраз тер төккен. Әріптестері атақты актрисаның бюджеті аз фильмде түспейтінін айтып, райынан қайтаруға тырысқан.

«Бізге Фокс есімді кейіпкерді сомдайтын актриса керек болды. Мен Анджелина Джолиге осы рөлді ұсынып көрейік деп едім, ол бюджеті осындай төмен фильмге түспейді, бұл мүмкін емес деген жауап алдым. Маған: «Қаласаң, өзің барып, сөйлесіп көр», — деп айтты. Барлығы менің қолымнан оны көндіру келмейді деп ойлады. Жаңа Орлеанға бардым. (…) Джолимен бір ғана кездесуім болды. Ол кездесуге ұлы Мэдокспен бірге келді. Екеуміз жақсы сөйлестік. Сценарийді талқылап болған соң, қайтар жолда актриса келісімін береді деп ойладым. Сосын ол хабарласып, түскісі келмейтінін айтты», — дейді режиссер.

Бірақ арада біршама уақыт өткен соң, Джоли Бекмамбетовке қоңырау шалып, бір шартын орындаса ғана фильмге түсетінін айтыпты. Джоли режиссерден фильмде кейіпкерін өлтіруді сұрады. Фильм ерекше қабілеттері бар қаһармандар жайлы, жанрі —  триллер, боевик. Актриса сомдайтын кейіпкер Фокс өте батыл, суицид жасамайтын бойжеткен. Сондықтан оның фильмде өз-өзіне қол жұмсауы ақылға қонымсыз жайт еді. Дегенмен, Бекмамбетов актриса қойған талапты орындап, көздегеніне жете алды.

«Студия мұның ақылға қонымсыз екенін айтты.(…) Қалай екені есімде жоқ, бірақ мен оқтың айналып келіп Джолиді өлтіретін жерін ойлап таптым. Осылай ол өз-өзіне қол жұмсайды. Өзін өлтірмей тұрып, он тоғыз адамды мерт қылады. Актрисаға осы нұсқаны айтып беріп едім, келісімін берді», — дейді Бекмамбетов.

Режиссердің сөзінше, басты рөлді сомдаған, қазіргі күні ең танымал актерлердің қатарына кіретін актер Джеймс Макэвойді сол жылдары көпшілік біле бермейтін, ал Морган Фриман қандай болса да мейлі, әйтеуір фильмдерге түсе беруге дайын болған.

Бөлісу: